Көпбалалы аналарға қолдау көрсетті

3535

Ел егемендігінің 30 жылдығы және 1-желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының және Қарағанды жауынгерлік өнер қауымдастығының қолдауымен көпбалалы аналарға қаржылай көмек көрсетілді.

Шарапатты шараға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Саят Салықжанов, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, облыстық мәслихат депутаты, Қарағанды жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Ерден Халилин қатысып, көпбалалалы аналарды мерейлі мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, шараның маңызына тоқталды.

«Nur Otan» партиясының ішіндегі бағдарламаның бірі «отбасы» болып есептеледі. Соның ішінде ананың рөлі ерекше. Сол себепті, бүгін көпбалалы аналарға қайырымдылық жасадық. Бас демеуші болған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне үлкен алғыс білдіреміз. Әлі де қайырымдылық шаралар жалғасатын болады», – дейді жауынгерлік өнер қауымдастығының президенті Ерден Халилин.

Жиын соңында көпбалалы аналар қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.

«Бізге құрмет көрсеткен ұйымдастырушыларға үлкен алғысымызды айтамыз. Абыройлы азаматтар көбейе берсін. Көпбалалы ана болғандықтан қиындық көрдік. Менің 7 балам, 5 немерем бар. Міне, осындай атымтай азаматтардың қолдауы қуантады бізді. Бұйырса, балаларымды Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайына әкелеміз деп келістік. Ағалары секілді елге қызмет етсе деген арманым бар», – дейді «Асыл ана» қоғамдық қорының мүшесі, көпбалалы ана Әсемгүл Жақыпова.

Сондай-ақ, күміс алқа иегері Ләззат Бақтыбаева да: «көпбалалы аналарды елеп-ескергендері үшін рақмет. Менің балам да грек-рим күресінен осы Нұркен Әбдіров спорт сарайында жаттыққан. Еліміз осындай іргелі азаматтарымен мықты. Әркез қолдап, қолпаштап жатады. Ұйымдастырушыларға Алла разы болсын» деп ақжарма лебізін білдірді.

Жиын соңында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары әннен шашу шашып, шараның шырайын кіргізді.